Қазақстан U20 құрамасы төрт медаль жеңіп алды

Фото: UWW
Қазақстан құрамасы Словакияның Братислава қаласында өткен 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы күрес бойынша әлем чемпионатын бір алтын, бір күміс және екі қола медальмен аяқтады.
Қазақстан қоржынына жалғыз алтынды грек-рим күресінің өкілі Қазыбек Қалмағанбетов салды. 67 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында ол Беларусь спортшысы Михаил Марковскийден басым түсті.
Қалған үш жүлдені қазақстандықтар еркін күрестен жеңіп алды. 61 келіге дейінгі салмақта Бекасыл Асамбек финалға дейін жетіп, шешуші кездесуде америкалық Аарон Сейделден жеңіліп, күміс жүлдегер атанды.
57 келіге дейінгі салмақта Нұрасыл Асамбек үшінші орын үшін белдесуде өзбекстандық Ұлықбек Рашидовты жеңіп, қола медаль иеленді.
Қазақстанға тағы бір қола жүлдені Нұрдәулет Сейілбеков әкелді. 74 келіге дейінгі салмақтағы үшінші орын үшін кездесуде ол италиялық Алессио Перентинодан басым түсті.
Айта кетейік, U20 әлем чемпионаты 16-23 тамыз аралығында өтті. Жарысқа 66 елден 650-ден астам балуан қатысты.