Қазақстан құрамасы Бразилияда өткен парадзюдодан Гран-при кезеңінде алты медаль жеңіп алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Фото: спорт министрлігінің баспасөз қызметі

Бразилияның Сан-Паулу қаласында көру қабілеті бұзылған спортшылар арасында өткен парадзюдодан әлемдік Гран-при сериясының кезеңінде Қазақстан құрамасы алты медаль жеңіп алды.

Жарыс қорытындысы бойынша қазақстандық команда үш алтын және үш күміс жүлде иеленіп, жалпыкомандалық есепте екінші орынға тұрақтады.

J2 санатында турнир жеңімпаздары атанғандар: Ибрахим Нұрмаханұлы (70 келіге дейін), Бексұлтан Қалмұрза (81 келіге дейін) және Жұрқамырза Шүкірбеков (95 келіден жоғары). Күміс жүлдені Альфия Тлеккабыл (J1, 52 келіге дейін), Аяла Мереке (J2, 70 келіге дейін) және Ерлан Өтепов (J2, 95 келіден жоғары) жеңіп алды.

Жалпыкомандалық есепте бірінші орынды Бразилия құрамасы иеленді (алты алтын, үш күміс және төрт қола медаль), ал үшінші орын Украина командасына бұйырды (екі алтын және бір күміс жүлде).

Қазақстан құрамасының бас бапкері Жандос Қиянов бұл турнирдің Паралимпиада ойындарына жолдама алу жолында маңызы зор екенін атап өтті.

«Бұл турнир – спортшыларға Лос-Анджелес-2028 Паралимпиада ойындарына іріктеу ұпайлары берілетін маңызды рейтингтік жарыстардың бірі. Алда Қазақстан құрамасын қыркүйекте Грузияда өтетін әлем чемпионаты және қазанда Жапонияда өтетін Азия параойындары күтіп тұр. Осы жарыстарда да спортшыларымыз жоғары нәтиже көрсетеді деп сенеміз», – деді Қиянов.

Парадзюдодан әлемдік Гран-при кезеңі 10–11 шілде аралығында өтті. Жарысқа 21 елден 100-ден астам спортшы қатысты.