Басты бет
·
Басқа спорт түрлері

Қазақстан құрамасы керлингтен әлем чемпионатының іріктеу кезеңінен өте алмады

Бекарыс Әлімхан··
ҚР ҰОК

ҚР ҰОК

Керлингтен Қазақстан ерлер құрамасы 2027 жылғы әлем чемпионатына іріктеу турнирінің плей-офф кезеңіне шыға алмады. Шотландияның Абердин қаласында өткен жарыста отандастарымыз топтық кезеңді алтыншы орынмен аяқтады.

Соңғы турда Қазақстан құрамасы Гонконг командасымен кездесті. Сегіз эндтің қорытындысы бойынша жеңімпаз анықталмағандықтан, ойын қосымша эндке ұласты. Шешуші кезеңде Гонконг спортшылары басым түсіп, 8:5 есебімен жеңіске жетті.

Қазақстан құрамасы топтық кезеңде жеті кездесу өткізіп, үшеуінде жеңіске жетті және төрт рет жеңілді.

Қазақстан құрамасының нәтижелері:

  • Қазақстан – Дания – 5:3
  • Қазақстан – Аустрия – 7:4
  • Қазақстан – Мексика – 9:3
  • Қазақстан – Түркия – 3:6
  • Қазақстан – Норвегия – 1:6
  • Қазақстан – Испания – 4:7
  • Қазақстан – Гонконг – 5:8

Соңғы тур алдында қазақстандықтар плей-офф кезеңіне шығу мүмкіндігін сақтап тұрған еді. Алайда Гонконгтан жеңілу ұлттық құраманы үздік төрттіктен тыс қалдырды.

Екі команда да бірдей жеңіс санына қол жеткізгенімен, өзара кездесудегі басымдықтың арқасында Гонконг бесінші орынға жайғасты. Қазақстан алтыншы сатыда қалды.

Турнирде ел намысын Абылайхан Жүзбай, Әділ Жұмағожа, Айдос Аллияр, Мадияр Қорабаев және Дмитрий Гарагуль қорғады. Скип Абылайхан Жүзбай бастаған команда бес ойын күні ішінде жеті кездесу өткізді.

Айта кетейік, әлем чемпионатының іріктеу турнирі 8–13 қараша аралығында өтіп жатыр. Жарысқа екі топқа бөлінген 16 құрама қатысуда.

Іріктеу қорытындысы бойынша алты команда 2027 жылғы әлем чемпионатына жолдама алады. Әлемдік дода 26 наурыз бен 4 сәуір аралығында Канаданың Сент-Джон қаласында өтеді.