Қазақстан құрамасы Орталық Азия чемпионатының жартылай финалына шыға алмады

Аружан Талғат··
Фото: volleyfederationkz

Фото: volleyfederationkz

Қазақстан құрамасы волейболдан Орталық Азия чемпионатында жүлде үшін күресті аяқтады. Сергей Трикозаның шәкірттері Исламабадта өтіп жатқан турнирдің топтық кезеңінен өте алмады.

Бұл кезеңдегі соңғы кездесуін қазақстандықтар алаң иелері Пәкістан құрамасына қарсы өткізді. Үш партияның барлығында да қарсылас басым түсіп, 25:23, 25:19, 25:21 есебімен жеңіске жетті.

Ұлттық құрама үшін топтық кезең сәтті болған жоқ. Алғашқы ойында Непалды 3:2 есебімен жеңгеннен кейін Қазақстан құрамасы қатарынан төрт жеңіліс тіркеді. Қазақстандық волейболшылар Өзбекстанға (2:3), Бангладешке (2:3), Шри-Ланкаға (0:3) және кейін Пәкістанға (0:3) жол берді.

Бұл нәтиже Қазақстан құрамасын үздік төрттіктен тыс қалдырды. Сондықтан команда енді медаль үшін таласа алмайды. Келесі кездесуде Қазақстан Непалға қарсы ойнап, турнирдегі бесінші орын иегерін анықтайды.

Биылғы Орталық Азия чемпионатына алты құрама қатысып жатыр. Олар Қазақстан, Пәкістан, Өзбекстан, Бангладеш, Шри-Ланка және Непал.

Өткен жылы қазақстандықтар жүлдеге біршама жақын болған еді. Ол кезде ұлттық құрама қола медаль үшін матчқа дейін жетіп, алайда Пәкістанға есе жіберіп, турнирді төртінші орынмен аяқтаған. Бұл жолы команда тек бесінші орын үшін күреседі.