Қазақстан волейболшылары CAVA турнирінде екінші рет жеңілді

Аружан Талгат··
Фото: volleyfederationkz

Фото: volleyfederationkz

Исламабад қаласында ерлер құрамалары арасында Орталық Азия чемпионаты (CAVA Men’s Volleyball Championship 2026) жалғасып жатыр.

Қазақстан құрамасы топтық кезеңдегі үшінші матчында Бангладеш командасымен кездесті. Жеңімпаз тек тай-брейкте анықталды. Қазақстандықтар бірінші және төртінші партияларда басым түскенімен, қалған сеттерде қарсылас мықтырақ болды. Кездесу Бангладеш құрамасының пайдасына 3:2 (20:25, 25:21, 25:23, 21:25, 15:12) есебімен аяқталды.

Бұл нәтиже Сергей Трикозаның командасы үшін турнирдегі қатарынан екінші жеңіліс болды. Бұған дейін қазақстандық волейболшылар бес партияға созылған матчта Өзбекстанға да 2:3 есебімен есе жіберген еді. Ал жарысты Непал құрамасын 3:2 есебімен жеңіп бастаған болатын.

Биылғы Орталық Азия чемпионатына алты құрама қатысуда: Қазақстан, Пәкістан, Өзбекстан, Бангладеш, Шри-Ланка және Непал. Топтық кезең қорытындысы бойынша үздік төрт команда жартылай финалға жолдама алады.

Алда Қазақстан құрамасын тағы екі матч күтіп тұр. 26 шілдеде команда Шри-Ланкамен ойнайды, ал 27 шілдеде топтық кезеңді турнир иелері Пәкістан құрамасына қарсы матчпен аяқтайды. Бұл ойындардағы жеңістер қазақстандықтардың плей-оффқа шығу мүмкіндігін сақтап қалуына көмектеседі.