Қазақстан құрамасы семсерлесуден Азия чемпионатының қола жүлдесін жеңіп алды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: ҚР ҰОК

Фото: ҚР ҰОК

Үндістанның Нью-Дели қаласында өтіп жатқан семсерлесуден 2026 жылғы Азия чемпионатында Қазақстанның ерлер құрамасы қылыш сайысынан қола жүлдегер атанды.

Командалық жарыста қазақстандық семсерлесушілер жүлдеге жету жолында Иран құрамасын 45:33, ал Өзбекстан құрамасын 45:43 есебімен жеңді.

Жартылай финалда жерлестеріміз Олимпиада чемпиондары саналатын Оңтүстік Корея құрамасына 34:45 есебімен жол беріп, жарысты қола медальмен аяқтады.

Жүлдегер атанған құраманың сапында Артём Саркисян, Жанат Нәбиев, Нұрмұхаммед Жайлыбай және Назарбай Саттархан өнер көрсетті.

Айта кетейік, бұған дейін осы Азия чемпионатында Ирина Бақалдына әйелдер арасындағы шпагамен семсерлесу жарысында алтын медаль жеңіп алса, Руслан Құрбанов ерлер арасындағы шпага бәсекесінде қола жүлдеге ие болған еді.