Басты бет
·
Қысқы ойындар

Қазақстан құрамасы шорт-тректен Әлемдік турдың екінші кезеңіне қатысады

Бекарыс Әлімхан··
ҰОК

ҰОК

30 қазан мен 1 қараша аралығында Канаданың Монреаль қаласында шорт-тректен 2026/27 жылғы Әлемдік турдың екінші кезеңі өтеді. Бұл жарыста Қазақстан намысын 12 спортшы қорғайды.

Халықаралық конькишілер одағының (ISU) мәліметінше, жарыстар Maurice Richard Arena аренасында ұйымдастырылады. Алғашқы іріктеу кезеңдері 30 қазанда басталып, келесі екі күнде жүлделер сарапқа салынады.

Қазақстан құрамасының ерлер сапында Глеб Ивченко, Айбек Насен, Айбек Темірхан, Мақсат Уәлилла, Богдан Вехов және Тамирлан Жолдас өнер көрсетеді. Ал әйелдер арасында Алина Ажгалиева, Анастасия Галечина, Зейнеп Құмарқан, Полина Омельчук, Мәлика Ермек және Гүлдана Жалмұхан ел намысын қорғайды.

Спортшылар 500, 1000 және 1500 метр қашықтықтарында бақ сынайды. Сонымен қатар ерлер арасындағы 5000 метрлік, әйелдер арасындағы 3000 метрлік және аралас 2000 метрлік эстафеталар өтеді.

Айта кетейік, 23-25 қазан аралығында Ванкуверде өткен Әлемдік турдың алғашқы кезеңінде қазақстандықтар арасынан Богдан Вехов үздік нәтиже көрсетті. Ол 1500 метр қашықтықта төртінші орынға ие болды.

2026/27 жылғы Әлемдік тур жалпы жеті кезеңнен тұрады. Канададағы жарыстардан кейін спортшылар Сеул, Шанхай, Бейжің, Гданьск және Тилбург қалаларында сынға түседі.

Қазақстан құрамасы шорт-тректен Әлемдік турдың екінші кезеңіне қатысады – sport-hub