Басты бет
·
Қысқы ойындар

Софья Самоделкина Алматыда «Алиса ғажайыптар елінде» мұз шоуында басты рөлді сомдайды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Салим Сабыров

Фото: Салим Сабыров

26 желтоқсанда Алматыда 2026 жылғы Олимпиада ойындарының қатысушысы Софья Самоделкина өнер көрсететін «Алиса ғажайыптар елінде» мұз шоуы өтеді.

Жаңа жылдық қойылымда басты рөлді Қазақстан құрамасының мәнерлеп сырғанаушысы Софья Самоделкина сомдайды. Ол Милан мен Кортина-д’Ампеццода өткен 2026 жылғы Олимпиада ойындарында үздік ондыққа енген. Сондай-ақ Қазақстан чемпионы және ISU Гран-при кезеңінің күміс жүлдегері атанған.

Көрермендерді мәнерлеп сырғанаудың шеберлігі, жарқын образдар мен мұздағы сиқыр үйлескен ерекше қойылым күтіп тұр.

19 жастағы Софья Самоделкина жекелей сырғанаудан Қазақстан атынан өнер көрсететін спортшы. Ол 2025 жылы NHK Trophy Гран-при кезеңінде күміс жүлде, Дүниежүзілік студенттер ойындарында қола медаль жеңіп алды. Сонымен қатар 2024 жылы Қазақстан чемпионы атанды.

Бұдан бөлек, Самоделкина 2024 жылы Денис Тен мемориалы мен Tallinn Trophy турнирлерінде, ал 2025 жылы Cranberry Cup жарысында күміс медаль иеленді. 2026 жылы Денис Тен мемориалында қола жүлдеге қол жеткізді.

«Қазақстан Республикасының, анамның отанының атынан өнер көрсету мен үшін үлкен мәртебе әрі жауапкершілік. Маған сенім артады. Мені тұтас бір ел қолдайды. Сол үшін шын жүректен алғыс айтамын», — деді Софья.

Софья Самоделкина Алматыда «Алиса ғажайыптар елінде» мұз шоуында басты рөлді сомдайды

Мұздағы ертегі қойылымы Алматыдағы қысқы мерекелердің маңызды оқиғаларының біріне айналмақ. Шоуда музыка, мұз үстіндегі би, мәнерлеп сырғанау, актерлік шеберлік пен әуе акробатикасы үйлесім табады.

Мұз айдынына барлығы 28-ге дейін мәнерлеп сырғанаушы шығады. Ал Шляпник рөлін Қазақстанның 2025 жылғы чемпионы Диас Жиренбаев сомдайды. Ол 2024 жылы Люксембургте өткен Coupe du Printemps халықаралық турнирінде жеңіске жетіп, 2022 жылы Денис Тен мемориалында күміс жүлде алған.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, «Алиса ғажайыптар елінде» шоуы балалар мен ересектерге бірдей әсер сыйлап, арманға сенудің маңызын еске салады.

Билеттердің бағасы орын санатына қарай 4 000-нан 18 000 теңгеге дейін. Билеттерді Ticketon сайтынан сатып алуға болады.

Софья Самоделкина Алматыда «Алиса ғажайыптар елінде» мұз шоуында басты рөлді сомдайды – sport-hub