Қазақстан құрамасы жеңіл атлетикадан ӘЧ-де екі рекорд орнатты

Фото: qazathletics.kz
АҚШ-тың Юджин қаласында 20 жасқа дейінгі спортшылар арасында өткен жеңіл атлетикадан әлем чемпионаты (U20 ӘЧ) аяқталды. Қазақстан құрамасының өкілдері екі ұлттық рекорд жаңартты.
Қазақстан құрамасы сапында ең үздік нәтижелердің бірін Анна Черкашина көрсетті. Сырықпен секіру жарысының іріктеу кезеңінде ол 4,10 метр биіктікті бағындырып, 20 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы Қазақстан рекордын жаңартты. Финалда Черкашина осы нәтижені қайталап, 11-орынға тұрақтады.
Тағы бір рекорд диск лақтыруда тіркелді. Максим Сажнев іріктеу кезеңінде снарядты 61,37 метрге лақтырып, U20 санатындағы Қазақстанның бұрынғы рекордын жаңартты. Бұл нәтиже оған финалға шығуға мүмкіндік берді. Шешуші кезеңде қазақстандық 59,85 метр көрсетіп, жарысты 11-орында аяқтады.
Қазақстан құрамасының қалған спортшылары жарысты іріктеу кезеңінде аяқтады. 5000 метрге спорттық жүрісте Егор Струков 36-орын алса, Шерхан Егізбай 38-орында болды. Әйелдер арасында осы дисциплинада Маргарита Стороженко 25-орынға ие болды.
Үш қарғып секіруде Глеб Гладилов 31-орынға тұрақтады. Богдан Гончаров 110 метрге кедергілер арқылы жүгіруде 37-нәтиже көрсетсе, Кирилл Савченко 400 метрге кедергілермен жүгіруде 54-орын алды.
Әйелдер арасында 100 метрге кедергілермен жүгіруде Алина Головина 45-орын, Антонина Чернышова 58-орын иеленді. Ал 400 метрге жүгіруде Софья Киденко 51-орынмен жарысты аяқтады.
Еске салайық, U20 ӘЧ 5–9 тамыз аралығында АҚШ-тың Юджин қаласында өтті.