Қазақстан құрамасының алғашқы матчы, «Ливерпульдің» алтыншы кубогы және бокс тарихындағы ең ірі сенсация: бұл күннің спорттағы тарихы

Фото: AI-иллюстрация
1 маусым спорт тарихында Қазақстан футбол құрамасының алғашқы ресми матчымен, «Ливерпульдің» Чемпиондар лигасындағы жарқын жеңісімен және Энтони Джошуаның күтпеген жеңілісімен есте қалды.
Қазақстан:
Қазақстан құрамасының тарихи ойыны
1992 жылы – дәл осы күні Қазақстан футбол құрамасы өзінің алғашқы ресми матчын өткізді. Алматыдағы Орталық стадионда Орталық Азия кубогы аясында ұлттық құрама Түрікменстанмен кездесті. Кездесу Қазақстан пайдасына 1:0 есебімен аяқталды. Қазақстан құрамасы тарихында алғашқы ресми голдың авторы Владимир Нидергаус атанды.
Париждегі драма
2025 жылы – «Ролан Гаррос» турнирінің 1/8 финалында қазақстандық Елена Рыбакина мен польшалық Ига Швёнтек арасында тартысты матч өтті. Рыбакина алғашқы сетте қарсыласын 6:1 есебімен ойсырата жеңіп, екінші партияның басында басымдыққа ие болды. Алайда ойын тағдырын өз пайдасына шеше алмай, 6:1, 3:6, 5:7 есебімен жеңіліп қалды.
Әлем:
Бокстан алғашқы тікелей телетрансляция
1939 жылы – Нью-Йорктегі «Янки Стэдиум» аренасында қос бірдей америкалық Лу Нова мен Макс Байер арасында бокс кеші өтті. Жекпе-жекті АҚШ-тағы ең ірі теле-радио желісінің бірі NBC тікелей эфирде көрсетті. Кездесуге белгілі актер әрі спорт шолушысы Билли Штерн комментатор болды.
«Ливерпульдің» алтыншы Чемпиондар лигасы
2019 жыл – Мадридте өткен Чемпиондар лигасының финалында «Ливерпуль» «Тоттенхэмді» 2:0 есебімен жеңді. Мерсисайдтық клубқа жеңіс әкелген Мохамед Салах пен Дивок Ориги кездесуде гол соқты. Салах матчтың екінші минутында пенальтиден есеп ашса, Ориги ойын соңына нүкте қойды. Осылайша «Ливерпуль» өз тарихындағы алтыншы мәрте Чемпиондар Лигасы кубогын жеңіп алды. Атаулы триумф сол сәттен бірер жыл бұрын ЧЛ финалындағы «Реалға» қарсы (1:3) масқара жеңілістің орынын толтыруға мүмкіндік берді.
Бұл жеңістің Юрген Клопп үшін де ерекше мәні болды. Өйткені неміс маманы бұған дейін алты рет қатарынан финалдық ойындарда жеңіліп келген еді.
UFC турнирінің үздік жекпе-жегі
2024 жыл – UFC ұйымының жеңіл салмақтағы чемпионы Ислам Махачев өз титулын үшінші рет сәтті қорғады. Ол америкалық Дастин Порьемен кездесіп, бесінші раундта қылқындыру әдісі арқылы жеңіске жетті. Бұл айқасты UFC «Кештің үздік жекпе-жегі» деп таныды.
Ешкім күтпеген апсет
2019 жылы – Нью-Йорктегі атақты Madison Square Garden аренасында ауыр салмақтағы әлем чемпионы Энтони Джошуа күтпеген жерден америкалық кіші Энди Руиске жол берді. Бұл кездесуде WBA, WBO және IBF чемпиондық белбеулері сарапқа салынды. Алғашқы үш минутта қос боксшы бір-бірін барлаумен өткізді. Джошуа бірнеше рет контр соққылармен жергілікті қарсыласын тұзаққа түсіруге тырысты, дегенмен Руиске айтарлықтай зардап тигізе алмады.
Үшінші раундта алдымен Энди Руис нокдаунда болды. Алайда көп ұзамай Джошуаның өзі екі рет есеңгіреп қалды.
Жекпе-жектің бесінші бөлігінде британдық тағы екі мәрте нокдаунға түсіп, жетінші раундта төреші жекпе-жекті тоқтатуға мәжбүр болды. Нәтижесінде Энди Руис техникалық нокаутпен жеңіске жетіп, бокс тарихындағы ең ірі сенсациялардың бірін тіркеді.
Осы күні дүниеге келгендер:
1982 жылы — Жюстин Энен. Бельгиялық теннисші. Әлемнің экс-бірінші ракеткасы. Жекелей сында «Үлкен дулыға» турнирлерінің жеті дүркін чемпионы.
2003 жылы — Санжар Тәшкенбай. Қазақстандық боксшы. Әлем чемпионаттарының екі дүркін жеңімпазы (Ташкент-2023, Ливерпуль-2025). 2022 жылғы Азия чемпионы.