Қазақстан құрамасының бұрынғы капитаны мансабын аяқтады

Фото: БК «Астана»
Қазақстан құрамасы мен «Астана» клубының бұрынғы капитаны Рустам Мурзагалиев 34 жасында кәсіби мансабын аяқтады.
Ойын ұйымдастырушы қорғаушы бұл туралы Instagram парақшасында мәлімдеді.
«Бүгін мен үшін қиын шешім қабылдағанымды хабарлаймын – кәсіби спортшы ретіндегі мансабымды аяқтаймын. Өмірімнің басым бөлігін баскетболға арнадым. Менің жолым туған қалам – Алматыдан басталды. Алғашқы жаттығуым да сол жерде өтті, алғашқы жаттықтырушым Максим Ахметұлы Рахимов болды. Мансабымның негізін қалап, кәсіби баскетболдағы алғашқы қадамдарыма көмектескені үшін оған алғыс айтамын.
Әрине, ең алдымен ата-анама үлкен алғысымды білдіргім келеді. Олар әу бастан мені қолдап, маған сеніп, алға жылжуыма көмектесті. Олар бүкіл жолымда жанымнан табылып, жеңістеріме қуанып, жеңілістерімде қолдау көрсетті. Мен олардың мен үшін және мансабым үшін жасаған барлық дүниесіне ризамын.
Мансабымның келесі үлкен кезеңі «Астана» болды. Клубтың алғашқы бас менеджері Валерий Тихоненко маған сеніп, байқап, командаға шақырды. Кейін Самсон Аракелян да осы жұмысты жалғастырып, маған сенім артып, клубпен бірге өсіп, дамуыма мүмкіндік берді.
Мансабымда көптеген жаттықтырушылармен, ойыншылармен және легионерлермен жұмыс істеу бақыты бұйырды. Олардың әрқайсысы кәсіби жолымда із қалдырып, қазіргі ойыншы болып қалыптасуыма көмектесті. Мансабымда Қазақстан ұлттық құрамасының орны ерекше. Құрама сапында бірде-бір турнирді жіберген емеспін. Ұлттық құраманың жейдесін кигенде де, клуб сапында алаңға шыққанда да барымды салуға тырыстым.
Бүгін кәсіби ойыншы ретіндегі жолымды аяқтаймын. Бұл шешімді қабылдау оңай болған жоқ, өйткені баскетбол өмірімнің барлық дерлік кезеңінде менімен бірге болды. Бірақ жаңа парақ ашатын уақыт келгенін түсінемін. Баскетболмен қоштаспаймын. Жақында қайта кездесеміз», – деп жазды Мурзагалиев.
Баскетболшы клубтағы мансабының басым бөлігін «Астана» сапында өткізді. Елордалық командамен бірге бірнеше рет Қазақстан чемпионы атанды. 2017 жылы Мурзагалиев өнер көрсеткен «Астана» Азия чемпиондары кубогының қола жүлдесін иеленді. Ал 2023 жылы команда Батыс Азия Суперлигасының Финал сегіздігінде үшінші орын алды.
Мурзагалиев Қазақстан құрамасы сапында 2013, 2015, 2017 және 2022 жылдардағы Азия чемпионаттарына қатысты. Сондай-ақ әлем чемпионатының іріктеу кезеңдерінде өнер көрсетті.
2021 жылы Мурзагалиевтің 2017 жылғы Азия кубогында Ливанға қарсы матчта жасаған басынан асыра берген нәтижелі пасын FIBA онжылдықтың үздік пасын анықтау байқауында Деррик Роуздың ширек финалдағы ассистінен жоғары бағалады.
Қазақстандық баскетболшының мансабындағы соңғы турнир 2026 жылғы Жапонияда өткен Азия ойындары болды.