Басты бет
·
Хоккей

Қазақстан құрамасының екі хоккейшісі Азия чемпионатында үздік атанды

Аружан Талғат··
Фото: Kazakhstan Ice Hockey Federation

Фото: Kazakhstan Ice Hockey Federation

Хоккейден Қазақстан құрамасының екі ойыншысы Оңтүстік Кореяның Чхонджу қаласында өткен Азия чемпионатының қорытындысы бойынша жеке марапаттарға ие болды.

Құрлық біріншілігінде қатарынан үшінші рет топ жарған Қазақстан құрамасының сапынан Максим Мұхаметов пен Владислав Нурек ерекше көзге түсті.

Максим Мұхаметов турнирдің үздік шабуылшысы атанды. Ол үш кездесуде төрт ұпай жинап, екі шайба соқты және екі нәтижелі пас берді. Шабуылшының нәтижелі ойыны Қазақстан құрамасының чемпион атануына елеулі үлес қосты.

Ал қақпашы Владислав Нурек Қазақстан құрамасының үздік ойыншысы атанды. Сонымен қатар ол Оңтүстік Кореяға қарсы өткен шешуші кездесудің де үздік хоккейшісі деп танылды.

Нурек үш матчта қарсыластарының 54 соққысын қайтарып, 96,43 пайыз сенімділік көрсеткішіне қол жеткізді. Оның бір матчта орта есеппен жіберген шайбаларының саны 0,69 болды.

Айта кетейік, Қазақстан құрамасы Азия чемпионатында қатарынан үшінші рет жеңіске жетті.

2024 жылы Алматыда Халықаралық шайбалы хоккей федерациясының (IIHF) ұйымдастыруымен өткен алғашқы Азия чемпионатында қазақстандық хоккейшілер алтын медаль иеленген болатын.

2025 жылы ұлттық құрама Бейжіңде чемпиондық атағын қорғады. Ал биыл Оңтүстік Кореяда өткен жарыста үшінші мәрте топ жарды.

Осылайша Қазақстан құрамасы Азия чемпионаты тарихындағы жалғыз жеңімпаз болып қала береді. Турнир үш рет ұйымдастырылғанымен, әзірге ешбір құрама қазақстандық хоккейшілердің чемпиондық сериясын тоқтата алған жоқ.

Қазақстан құрамасының екі хоккейшісі Азия чемпионатында үздік атанды – sport-hub