Қазақстан Қытайда өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне құрамын жариялады

Бегасыл Амирбай ··
Фото: Jimmie48

Фото: Jimmie48

Қазақстан әйелдер теннис құрамасының Қытайдың Шэньчжэнь қаласында 22-27 қыркүйек аралығында өтетін Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне арналған құрамы белгілі болды.

Ұлттық команда сапына Елена Рыбакина, Анна Данилина, Юлия Путинцева, Жібек Құламбаева және Соня Жиенбаева енді.

Рыбакина WTA рейтингінде екінші орында тұр, ал Путинцева 82-орында. Данилина жұптық рейтингте алтыншы позицияда орналасса, Құламбаева 111-орында. Жиенбаева өз кезегінде жекелей рейтингте 738-орынды иеленіп отыр.

Еске салсақ, Қазақстан құрамасы турнирдегі алғашқы матчын 23 қыркүйекте Испанияға қарсы өткізеді. Әрбір қарсыластық екі жекелей және бір жұптық кездесуден тұрады.

Жеңіске жеткен жағдайда қазақстандықтар жартылай финалда Чехия – Ұлыбритания жұбының жеңімпазымен кездеседі. Турнирдің финалы 27 қыркүйекке жоспарланған.