Қазақстан спорттық гимнастикадан әлем чемпионатына қатысатын құрамды жариялады

ҚР ҰОК
17–25 қазан аралығында Нидерландтың Роттердам қаласында спорттық гимнастикадан әлем чемпионаты өтеді. Қазақстан атынан алты гимнаст бақ сынайды.
Қазақстан құрамына Нариман Құрбанов, Милад Карими, Дмитрий Патанин, Ілияс Әзизов, Нұртан Ыдырысов және Роман Хегай енді.
Джакартада өткен алдыңғы әлем чемпионатында қазақстандық гимнастар жүлдеге қол жеткізе алмады. Ең үздік нәтижені Милад Карими көрсетті. Ол кермедегі жаттығуда бесінші, еркін жаттығуда алтыншы орын алды. Ал Нариман Құрбанов ат снарядындағы финалды жетінші орынмен аяқтады.
Роттердамдағы әлем чемпионаты 2028 жылғы Олимпиадаға іріктеу кезеңін бастайды. Ерлер мен әйелдер арасындағы командалық жарыста үздік үштікке енген құрамалар Лос-Анджелес Олимпиадасына тікелей жолдама алады. Әр команда бес олимпиадалық квотаға ие болады. Қалған командалық жолдамалар 2027 жылғы әлем чемпионатында сарапқа салынады.
Жарыстар Rotterdam Ahoy аренасында өтеді. Ерлер арасындағы іріктеу кезеңі 17–18 қазанға жоспарланған. Командалық финал 20 қазанда өтсе, жекелеген снарядтардағы жеңімпаздар 24–25 қазанда анықталады.