Басты бет
·
Жекпе-жек түрлері

Қазақстан U19 әлем чемпионатында сегіз медаль жеңіп алып, төртінші орынға ие болды

Бекарыс Әлімхан··
ҚР ҰОК

ҚР ҰОК

Қазақстан құрамасы Черногорияның Будва қаласында өткен 2026 жылғы 19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионатында сегіз медаль жеңіп алды.

Ұлттық құрама қоржынына бір алтын, үш күміс және төрт қола медаль түсті.

Қазақстан құрамасынан әлем чемпионы атанған жалғыз спортшы — 80 келіден жоғары салмақта өнер көрсеткен Зарина Толыбай. Ол финалда ресейлік Самира Итониеваны төрешілердің бөлінген шешімімен 4:1 есебімен жеңді.

Тағы үш қазақстандық боксшы финалға дейін жеткенімен, алтын медальға қол жеткізе алмады. 57 келіге дейінгі салмақта Алина Құдайгенова ресейлік Анастасия Голуноваға 0:5 есебімен есе жіберді. 70 келіге дейінгі салмақта Бибарыс Аширбай дәл осындай есеппен ирландиялық Джон Донохьюден жеңілді. Ал 90 келіден жоғары салмақтағы Владислав Саможонов өзбекстандық Ислам Салиховқа 1:4 есебімен жол берді.

Әлем чемпионатының қола жүлдесін төрт қазақстандық боксшы иеленді. Қыздар арасында 51 келіге дейінгі салмақта Мадира Жұмақан, ал 60 келіге дейінгі салмақта Индира Қыдырмолдаева үздік үштікке енді. Ерлер арасында 60 келіге дейінгі салмақта Данияр Ақбисенов пен 90 келіге дейінгі салмақта Еркетан Жарқынбек қола медаль жеңіп алды.

Жалпыкомандалық медальдар есебінде Ресей құрамасы бес алтын және бес күміс медальмен бірінші орынға ие болды. Өзбекстан төрт алтын, екі күміс және екі қола медальмен екінші орынға тұрақтады. АҚШ құрамасы екі алтын, бір күміс және екі қола медальмен үздік үштікті түйіндеді. Қазақстан бір алтын, үш күміс және төрт қола медальмен төртінші орын алды.

19 жасқа дейінгі боксшылар арасындағы әлем чемпионаты World Boxing ұйымының ұйымдастыруымен 16–27 қазан аралығында өтті. Жарысқа 69 елден 474 боксшы қатысып, ерлер мен әйелдер арасында жалпы 20 жүлде жиынтығы сарапқа салынды.