Қазақстан УЕФА коэффициенттер кестесінде 36-орнын сақтап қалды

«Астана» ФК
Еурокубоктардың бірінші іріктеу кезеңінің қарымта матчтарының қорытындысы бойынша Қазақстан УЕФА коэффициенттер кестесінде 36-орнын сақтап қалды.
Алматылық «Қайрат» сырт алаңда черногориялық «Сутьеска» командасын 2:0 есебімен жеңіп, екі матчтың қорытындысы бойынша (4:1) УЕФА Чемпиондар лигасы іріктеуінің екінші кезеңіне өтті. Ал «Астана» мен «Елімай» УЕФА Конференциялар лигасы турниріндегі өнерін аяқтады: олар сәйкесінше албаниялық Динамо Сити (жалпы есеп – 2:4) және армениялық «Алашкерт» (жалпы есеп – 3:3, пенальтиде 5:6) командаларынан жеңілді.
Қазіргі таңда Қазақстанның коэффициенті – 11,875. Ел 36-орында қалып отыр. Оның алдында Босния және Герцеговина (12,718) мен Косово (12,406) орналасқан. Ал кейінгі орындарда Латвия (11,500), Финляндия (11,250) және Молдова (10,000) бар.
Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңінде «Қайрат» кипрлік «Омония» командасымен кездеседі. Матчтар 22 және 29 шілдеде өтеді. Ал Тобол Конференциялар лигасының екінші кезеңінен бастап, литвалық «Паневежис» командасына қарсы ойнайды. Ойындар 23 және 30 шілдеге жоспарланған.