Қазақстан УЕФА коэффициенттер рейтингінде 37-орынға төмендеді

«Тобыл» ФК
Еурокубоктардың екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы матчтардан кейін жаңартылған УЕФА коэффициенттер рейтингінде Қазақстан 37-орынға сырғыды. Елдің бес жылдық коэффициенті қазір 12.000 ұпайды құрайды.
Алматының «Қайраты» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі сырт алаңдағы алғашқы матчта Кипрдің «Омония» клубынан 0:1 есебімен жеңілді. Еурокубоктар іріктеуінде жеңіс үшін ұлттық қауымдастыққа бір ұпай, тең ойын үшін 0,5 ұпай беріледі, ал жеңіліс ұпай әкелмейді.
Осы аптада Қазақстан қоржынына ұпай қосқан жалғыз клуб – Қостанайдың «Тобылы» болды. Конференциялар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі алғашқы кездесуде литвалық «Паневежиспен» 1:1 есебімен тең ойнап, ел қоржынына 0,125 ұпай әкелді.
Жаңартылған рейтингте Қазақстан 37-орынға түсіп, 12.250 ұпайы бар Латвияға 36-орынды беріп қойды. Ал 38-орында 11.625 коэффициентімен Финляндия орналасқан.
Еске салсақ, бұған дейін «Астана» мен «Елімай» Конференциялар лигасындағы жарыс жолын аяқтаған болатын. Елордалық клуб Албанияның «Динамо Ситиіне» (1:0, 1:4) жол берсе, семейлік команда Арменияның «Алашкертінен» (1:1, 2:2, пенальти сериясында – 5:6) жеңілді.
Ал «Қайрат» пен «Омония» арасындағы қарымта матч 29 шілдеде Алматыда өтеді. Ал 30 шілдеде Қостанайда «Тобыл» өз алаңында «Паневежисті» қабылдайды.