Қазақстан УЕФА коэффициенттері кестесінде 38-орынға төмендеді

«Тобыл» ФК
Еурокубоктардың екінші іріктеу кезеңінің қарымта матчтарының қорытындысы бойынша Қазақстан УЕФА коэффициенттері кестесінде 38-орынға төмендеді.
Алматылық «Қайрат» Чемпиондар лигасының екінші іріктеу кезеңіндегі қарымта ойында кипрлік «Омонияны» 1:0 есебімен жеңді. Екі матчтың қорытындысы бойынша есеп тең (1:1) болды, ал пенальти сериясында қазақстандық клуб 6:5 есебімен басым түсті.
«Тобыл» Конференциялар лигасында литвалық «Паневежиспен» 1:1 есебімен тең түсті. Қарсыластықтың тағдыры да пенальти сериясында шешіліп, қостанайлық команда 3:2 есебімен жеңіске жетті.
Рейтинг жаңартылғаннан кейін Қазақстан 12,375 ұпаймен 38-орынға түсті. Осындай көрсеткішке ие Финляндия алға шықты. 39-орында 10,500 коэффициентімен Лихтенштейн орналасқан.
Бұған дейін Конференциялар лигасындағы жарысты «Астана» мен «Елімай» аяқтаған болатын. Елордалық клуб албаниялық «Динамо Сити» командасына екі матчтың қорытындысы бойынша жол берсе, семейлік команда армениялық «Алашкерттен» пенальти сериясында жеңілді.
Чемпиондар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде «Қайрат» болгариялық «Левскимен» кездеседі. Матчтар 4 және 11 тамызда өтеді. Ал «Тобыл» Конференциялар лигасының үшінші іріктеу кезеңінде сербиялық «Партизанмен» 6 және 13 тамызда ойнайды.