Қазақстан ушу-саньдадан Азия ойындарын күміс және қола медальмен аяқтады

Фото: Сали Сабиров
Абдурашид Абдуллаев Айти мен Нагояда өтіп жатқан Азия ойындарында ушу-саньдадан Қазақстан құрамасына күміс медаль сыйлады.
75 келіге дейінгі салмақтағы финалда Абдуллаев ирандық Сохейл Мусавиге ұпай санымен есе жіберді. Қазақстандық спортшы финалға дейін үш жеңіске жетті. Алғашқы жекпе-жегінде Лаос өкілі Анонг Теунчалеунды жеңсе, ширек финалда непалдық Санджив Махарджанды мерзімінен бұрын ұтты. Ал жартылай финалда Қытай Тайбэйінің өкілі Чжан Хуанды техникалық нокаутпен жеңді.
Осылайша, Қазақстан құрамасы ушу-саньда жарысын екі медальмен аяқтады. Бұған дейін 70 келіге дейінгі салмақта Әлижан Аблагатов қола жүлдегер атанған еді. Құрама 2014 жылы Инчхонда өткен Азия ойындарындағы нәтижесін қайталады. Ол кезде Ришат Ливеншо күміс, ал Нұрсұлтан Тұрсынқұлов қола медаль жеңіп алған.
Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.