Қазақстандық Анастасия Городко Австриядағы халықаралық турнирде топ жарды

ҚР ҰОК
Фристайл-могулдан Қазақстан құрамасының спортшысы Анастасия Городко Австриядағы Хинтертукс мұздығында өткен FIS Open халықаралық турнирінің жеңімпазы атанды.
Әйелдер арасындағы могул сайысында қазақстандық спортшы 74,04 ұпай жинап, бірінші орын иеленді. Ол жапониялық қарсыластарын артта қалдырды.
Екінші орынды 71,41 ұпаймен жапониялық Мио Тани алса, үздік үштікті оның отандасы Марин Ито (70,66 ұпай) түйіндеді.
Қазақстан құрамасынан тағы екі спортшы жарысқа қатысты. Юлия Феклистова 52,55 ұпаймен 13-орынға тұрақтаса, Юлия Мокина 25,63 ұпай жинап, 22-орын алды.
Ерлер арасындағы жарыста қазақстандықтардан ең жоғары нәтижені Павел Колмаков көрсетті. Ол 72,34 ұпай жинап, сегізінші орынға ие болды.
Фёдор Бугаков 66,49 ұпаймен оныншы, ал Максим Емельянов 65,69 ұпаймен 11-орынға тұрақтады.
Қазақстандық өзге спортшылардың нәтижелері:
- Семён Русаков – 13-орын;
- Даниил Коротков – 20-орын;
- Ильнар Ибрагимов – 21-орын;
- Алексей Дегтярёв – 24-орын;
- Дмитрий Пятаков – 43-орын.
Ерлер арасындағы жарыста жүлделі үш орынды да Жапония спортшылары иеленді. Такэто Нисидзава 79,63 ұпаймен чемпион атанса, Иккэй Фудзимура (78,54) күміс, Рёма Хаяси (75,56) қола медаль жеңіп алды.