Қазақстандық авто-шабандоз Бельгиядағы Formula Regional European Championship кезеңінде екінші орын алды

Темирлан Мажекенов ··
Фото: ҚР туризм және спорт министрлігі

Фото: ҚР туризм және спорт министрлігі

Қазақстандық автоспорт халықаралық аренадағы өз позициясын нығайтуды жалғастырып келеді.

ҚР туризм және спорт министрлігі, Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, қазақстандық авто-шабандоз Александр Абхазава Formula Regional European Championship жарысының үшінші кезеңінде күміс жүлдеге ие болып, соңғы жылдардағы отандық автоспорттағы ең маңызды нәтижелердің біріне қол жеткізді.

Жарыс 29-31 мамыр аралығында Бельгиядағы әйгілі Spa-Francorchamps трассасында өтті. Кезеңнің екінші жарысында Александр Абхазава мәреге екінші болып келіп, Formula Regional European Championship додасында алғаш рет жүлдегерлер тұғырына көтерілді. Бесінші орыннан бастаған қазақстандық пилот жарыстың төртінші айналымында поляк Ян Пшировски мен француз Александр Муньос арасындағы тартысты тиімді пайдаланып, бірден екі қарсыласын басып озды. Одан кейін Александр мәреге дейін екінші орнын сақтай алып, кезеңнің күміс жүлдегері атанды.

Александр Абхазава 2023 жылдан бері формулалық жарыстар сериясында өнер көрсетіп келеді. Осы уақыт ішінде ол үш мәрте жеңіске жетіп, халықаралық жарыстарда он рет жүлдегерлер тұғырына көтерілген. 2026 жылғы Formula Regional Middle East Trophy маусымының қорытындысы бойынша қазақстандық авто-шабандоз жалпы есепте үшінші орын алып, өзінің жоғары деңгейі мен тұрақтылығын дәлелдеді.

Formula Regional European Championship жарысының төртінші кезеңі 19-21 маусым аралығында Италиядағы әйгілі Monza трассасында өтеді.

Қазақстандық авто-шабандоз Бельгиядағы Formula Regional European Championship кезеңінде екінші орын алды – sport-hub