Қазақстандық балуандар Астанада өтетін әлем чемпионатындағы алғашқы қарсыластарын білді

Фото: olympic.kz
24 қазанда Астанада басталатын күрес түрлерінен әлем чемпионаты қарсаңында грек-рим күресінен Қазақстан құрамасы балуандарының алғашқы қарсыластары анықталды. Жеребе қорытындысы бойынша ұлттық құрама өкілдерінің алғашқы белдесулері мен жүлдеге жету жолындағы ықтимал қарсыластары белгілі болды.
Жарысты грек-рим күресінің балуандары бастайды. Қазақстан атынан он салмақ дәрежесінде халықаралық ірі турнирлердің жүлдегерлері атанған тәжірибелі спортшылармен қатар, жас буын өкілдері де сынға түседі.
Құраманың басты үміткерлерінің бірі – қазіргі әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали. 60 келіге дейінгі салмақта қазақстандық балуан ресейлік Анвар Аллахъяров пен босқындар құрамасының өкілі Джамал Вализады арасындағы белдесудің жеңімпазымен кездеседі.
Қазақстандық балуандардың алғашқы қарсыластары
Грек-рим күресі. 2026 жылғы әлем чемпионаты
- 55 келіге дейін: Ысхар Құрбаев – К. Окамото (Жапония).
- 60 келіге дейін: Айдос Сұлтанғали – Анвар Аллахъяров (Ресей) пен Джамал Вализады (босқындар құрамасы) жұбының жеңімпазы.
- 63 келіге дейін: Мейрамбек Айнағұлов – М. Лиу (Украина).
- 67 келіге дейін: Бағдат Сабаз – Р. Бейшекеев (Қырғызстан).
- 72 келіге дейін: Алматбек Аманбек – А. Милевчик (Польша) пен П. Пуклавец (Хорватия) жұбының жеңімпазы.
- 77 келіге дейін: Мерей Мәулітқанов – Х. Канг (Оңтүстік Корея).
- 82 келіге дейін: Ибрагим Магомадов – Л. Дариоцци (Италия).
- 87 келіге дейін: Нұрсұлтан Тұрсынов – Дж. М. Хан (Қатар).
- 97 келіге дейін: Ислам Евлоев – М. Габр (Мысыр).
- 130 келіге дейін: Олжас Сырлыбай – Ф. Хедаят (Иран) пен Р. Фридрикас (Литва) жұбының жеңімпазы.