Қазақстандық боксшылар әлем кубогында алғашқы қарсыластарын білді

Айбар Рысдаулет ··
Фото: КБФ

Фото: КБФ

Қазақстанның әйелдер құрамасы Қытайда өтетін World Boxing Cup бокстан Әлем кубогының екінші кезеңіндегі алғашқы қарсыластарын білді.

Жеребе нәтижесі бойынша қазақстандық спортшылардың бір бөлігі жарысты екінші айналымнан және ширек финал кезеңінен бастайды. 51 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде Алуа Балқыбекова венесуэлалық Ирисмар Кардозо мен тайландтық Чутхамат Ракса арасындағы жекпе-жектің жеңімпазымен кездеседі. 54 келіге дейінгі салмақта Назым Қызайбай оңтүстік кореялық Аежи Имге қарсы шығады. 65 келіге дейінгі салмақта Аида Әбікеева Моңғолия өкілі Сетсегдари мен АҚШ спортшысы Мэри Розенда арасындағы жұптың жеңімпазымен жұдырықтасады. Ал 60 келіге дейінгі салмақта Виктория Графеева жарысты бірден ширек финалдан бастайды.

Қалған қазақстандық боксшылар турнирді бірінші айналымнан бастайды. 70 келіге дейінгі салмақта Лаура Есенкелді испаниялық Дуния Мартинес Маспен кездеседі. 75 келіде Наталья Богданова қытайлық Зии Баомен жекпе-жек өткізеді. 80 келіге дейінгі салмақта Валерия Аксенова Өзбекстан өкілі Рухшона Парпиева мен франциялық Давина Мичел арасындағы кездесудің жеңімпазын күтеді. Ал аса ауыр салмақта Дина Исламбаева ирландиялық Клиона Дарсимен қолғап түйістіреді.

Қытайдағы бұл турнир әлемнің жетекші боксшылары үшін маусымның басты халықаралық жарыстарына дайындықтың маңызды кезеңі болмақ. Бұған дейін World Boxing ұйымы осы жарыста төрешілерге нәтижелі соққыларды дәлірек тіркеуге көмектесетін жасанды интеллект жүйесі алғаш рет сынақтан өтетінін хабарлаған болатын.