Басты бет
·
Жекпе-жек түрлері

Қазақстандық дзюдошылар Загребтегі Гран-приден кейін әлемдік рейтингте жоғарылады

Бекарыс Әлімхан··
Фото: IJF

Фото: IJF

Қазақстандық дзюдошы Нұрқанат Серікбаев Хорватияның Загреб қаласында өткен Гран-при турниріндегі жеңісінен кейін Халықаралық дзюдо федерациясының (IJF) жаңартылған әлемдік рейтингінде оныншы орынға көтерілді.

66 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде өнер көрсететін Серікбаев бірден алты сатыға жоғарылап, 2748 рейтингтік ұпай жинады.

Қазақстандық спортшы Загребтегі турнирдің финалында бразилиялық Рональд Лиманы жеңіп, алтын медаль иеленген болатын.

Бұл салмақта әлемдік рейтингті 5200 ұпаймен жапониялық Хифуми Абэ бастап тұр. Екінші орында оның отандасы Такеши Такеока (5000 ұпай), ал үшінші сатыда тәжікстандық Нурали Эмомали (4400 ұпай) орналасқан.

Қазақстан құрамасының өзге спортшылары да рейтингтегі орындарын жақсартты.

60 келіге дейінгі салмақта Аман Бақытжан үш сатыға көтеріліп, 2145 ұпаймен 22-орынға жайғасты.

Ал 48 келіге дейінгі салмақта Ғалия Тынбаева бірден 13 сатыға жоғарылап, 1141 ұпаймен 38-орынға шықты.

Аталған екі дзюдошы да Загребтегі Гран-при турнирінде күміс жүлдегер атанған еді.

Осылайша Қазақстан құрамасы Хорватиядағы жарысты бір алтын және екі күміс медальмен аяқтады.

Ауыр салмақта (+100 кг) өнер көрсететін Ерасыл Қажыбаев алты сатыға жоғарылап, 1235 ұпаймен 40-орынға көтерілді.

Сондай-ақ 63 келіге дейінгі салмақта Эсмигүл Куюлова он сатыға жоғарылап, 1103 ұпаймен әлемдік рейтингтің 36-орнына жайғасты.