Қазақстандық гимнастшы Франкфурттегі әлем чемпионатында бірден үш финалға жолдама алды

Фото: ҚР ҰОК
Қазақстандық гимнастшы Ақмарал Ерекешева Германияның Франкфурт-на-Майне қаласында өтіп жатқан көркем гимнастикадан әлем чемпионатындағы іріктеу кезеңінен өтіп, бірден үш финалға жолдама алды.
Жеке көпсайыстың іріктеу кезеңінде әр спортшының үш үздік нәтижесі есепке алынды. Ерекешева 84,200 ұпай жинап, сегізінші орынға ие болды. Осылайша, финалға жолдама алған 18 үздік гимнастшының қатарына кірді.
Қазақстандық спортшы жекелеген жаттығулар бойынша да екі финалға өтті. Буыншақтармен жаттығуда ол 29,000 ұпай жинап, төртінші орын алды. Ал лентамен жаттығуда 28,350 ұпаймен тағы да төртінші орынға тұрақтады. Әр финалда сегіз гимнастшы өнер көрсетеді.
Айта кетейік, 16 жастағы Ерекешева өткен жылы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында екі алтын және бір күміс медаль жеңіп алған. Биыл қазақстандық спортшы Бакуде өткен әлем кубогі кезеңінде жүлдегер атанып, Астанадағы халықаралық Alem Cup турнирінде чемпион атанды.
Қазақстанның тағы бір өкілі Айбота Ертайқызы көпсайыс бойынша іріктеуді 24-орында аяқтап, финалға өте алмады. Жекелеген жаттығуларда ол шығыршықпен 10-орын, доппен 33-орын, буыншақтармен 15-орын және лентамен 32-орын алды.
Айта кетейік, көркем гимнастикадан 42-әлем чемпионаты 12-16 тамыз аралығында Festhalle Frankfurt аренасында өтіп жатыр.