Қазақстандық каноэші қыздар Польшадағы әлем чемпионатында жүлдеге таласады

Қазақстандық Мария Бровкова мен Ульяна Киселёвадан құралған дуэт Польшада, Познань қаласында өтіп жатқан каноэ мен байдаркадан ескек есуден 51-ші әлем чемпионатының басты финалына жолдама алды.
Әйелдер арасындағы каноэ-екіліктердің (C2) 200 метр қашықтықтағы алдын ала кезеңінде қазақстандық жұп өз тобында үшінші орын иеленді. Спортшылар мәреге 46,61 секундта жетіп, шешуші жарысқа жолдама алды. Бұл дисциплинадағы әлем чемпионатының медальдары үшін негізгі жарыс 29 тамызда Мальта көлінің акваториясында өтеді.
Айта кетейік, Бровкова мен Киселёва үшін биылғы маусым өте сәтті өтіп жатыр. Маусым айында қазақстандық тандем Түркістанда өткен U23 санатындағы турнирде тамаша үйлесім көрсетіп, екі алтын медаль жеңіп алды. Мария Бровкова жасына қарамастан, 23 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионы және бірнеше ірі халықаралық жарыстың жүлдегері атанып үлгерді. Ол бүгінде каноэ спортындағы ең перспективалы спортшылардың бірі саналады.
Познаньдағы әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы 21 спортшымен қатысып жатыр. Команда байдарка, каноэ және параканоэ бойынша негізгі дисциплиналардың барлығында жүлдеге таласуда. Мальта көліндегі ескек есу арнасында өтіп жатқан турнир 30 тамызда аяқталады.