Қазақстандық семсерлесушілер 24 жылдан кейін Азия ойындарында алтын алды

ҚР ҰОК
Қазақстан ерлер құрамасы Жапонияның Айти және Нагоя қалаларында өтіп жатқан 2026 жылғы Азия ойындарында семсерлесуден алтын медаль жеңіп алды.
Командалық семсерлесу жарысының финалында қазақстандық спортшылар Оңтүстік Корея құрамасымен кездесіп, жеңіске жетті. Осылайша Қазақстан ерлер арасындағы командалық семсерлесуде Азия ойындарының чемпионы атанды. Бұл – ел құрамасының аталған дисциплинадағы тарихтағы үшінші алтыны.
Қазақстандық семсерлесушілер бұған дейін 2002 жылы Пусанда өткен Азия ойындарында чемпион атанған. Ал алғашқы алтынды 1994 жылы Хиросимадағы додада жеңіп алған. Осылайша соңғы екі жеңістің арасында 24 жыл өтті.
Финалға дейін Қазақстан құрамасы Катарды 45:27, Сингапурды 45:36 және Гонконгты 45:34 есебімен жеңді. Команда сапында Руслан Құрбанов, Вадим Шарлаимов, Кирилл Проходов және Ерлік Сертай өнер көрсетті. Сондай-ақ Проходов Азия ойындарының жеке сайысында күміс медаль иеленген.
Қазақстан үшін бұл Азия ойындарындағы ерлер арасындағы командалық семсерлесуден қатарынан тоғызыншы медаль. Оның ішінде үш алтын, екі күміс және төрт қола жүлде бар. Бұған дейін құрамамыз 2022 жылы Ханчжоуда өткен Азия ойындарында күміс медаль жеңіп алған еді.