Қазақстандық шабандоз Көшпенділер ойындарында алтын медаль жеңіп алды

Фото: Шағырбай Мақсат
Қазақстандық спортшы Қанат Бақтыбай VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында теңге ілу сайысында алтын медаль иеленді.
Жарысқа он елдің өкілдері қатысты. Қазақстандық спортшы дәлдігі, ептілігі және атты шебер басқаруының арқасында үздік нәтиже көрсетті. 2025 жылы Бақтыбай «бес белес» дисциплинасы бойынша Қазақстан чемпионы атанған. Сондай-ақ спортшы теңге ілуден халықаралық жарыстарда, соның ішінде Азия кубогі мен әлем чемпионатында жүлдегер атанды.
Теңге ілу – шабандоз шауып келе жатып еңкейіп, белгілі бір аралықта жерге қойылған заттарды іліп алатын дәстүрлі ат спорты. Жеңімпаз тапсырманы орындау жылдамдығы мен дәлдігіне қарай анықталады.
Еске салайық, VI Дүниежүзілік көшпенділер ойындары 31 тамыз бен 6 қыркүйек аралығында өтіп жатыр. Ашылу салтанаты Бішкекте ұйымдастырылса, негізгі жарыстар Ыстықкөл облысының спорт нысандарында өтуде.