Қазақстандық спортшы үстел теннисінен жастар арасындағы әлем чемпионатына қатысады

Фото: olympic.kz
Қазақстандық Алан Құрманғалиев 21–28 қараша аралығында Түркияның Ыстанбұл қаласында өтетін үстел теннисінен жастар арасындағы әлем чемпионатында ел намысын қорғайды.
Алан Құрманғалиев аталған жарысқа Қазақстаннан қатысатын жалғыз спортшы болады. Ол 19 жасқа дейінгі санатта жекелей, ерлер арасындағы жұптық және аралас жұптық сындарда өнер көрсетеді.
Ерлер арасындағы жұптық бәсекеде қазақстандық теннисшінің серіктесі ирандық Беньямин Фараджи болады. Ал аралас жұптық сында ол мысырлық Хана Годамен бірге бақ сынайды.
Айта кетейік, Құрманғалиев пен Года бұған дейін де халықаралық жарыстарда бірге өнер көрсеткен. 2022 жылы бұл жұп Тунисте өткен 15 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль жеңіп алған.
Алдағы әлем біріншілігіне 50 елдің спортшылары қатысады. U19 және U15 жас санаттарында барлығы 14 медаль жиынтығы сарапқа салынады.
Еске салайық, әлем чемпионаты 21–28 қараша аралығында Ыстанбұлдағы Ata Sporları Merkezi спорт кешенінде өтеді. Түркия өз тарихында алғаш рет Халықаралық үстел теннисі федерациясының (ITTF) ұйымдастыруымен өтетін әлем чемпионатын қабылдайды.