Қазақстандықтар үстел теннисінен Пара Азия ойындарының қола жүлдегері атанды

Қазақстандық Алтынай Ержанқызы мен Марат Сұртубаев Жапонияда өтіп жатқан 2026 жылғы Пара Азия ойындарында қола медаль жеңіп алды. Олар үстел теннисінен аралас жұптық сында жартылай финалға дейін жетті.
XD20 санатындағы жартылай финалда қазақстандық жұп Гонконг өкілдері Лам Ян Ю мен Вонг Хон Ламға қарсы ойнады. Кездесу қарсыластардың 3:0 есебімен жеңісімен аяқталды.
Бұған дейін топтық кезеңде Алтынай Ержанқызы мен Марат Сұртубаев екі жеңіске жеткен еді. Қазақстандық спортшылар Индонезия өкілдерін 3:1, Жапония құрамасын 3:2 есебімен жеңіп, Қытай жұбына 1:3 есебімен есе жіберді.
Айта кетейік, 2026 жылғы Пара Азия ойындары Жапонияда 18-24 қазан аралығында өтеді. Жарыстар Айти префектурасы мен Нагоя қаласында ұйымдастырылған.