Қазақстандық спортшы жасөспірімдер Олимпиадасының триатлон жарысында қола медаль жеңіп алды

ҚР ҰОК
Рамазан Айнегов Сенегалдың Дакар қаласында өтіп жатқан IV жазғы жасөспірімдер Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.
Қазақстан құрамасының өкілі жарысты 53 минут 27 секундта аяқтап, жапониялық Дайки Нисидзакимен үшінші орынды бөлісті. Екі спортшы да мәре сызығын бір уақытта кесіп, жеңімпаздан 14 секундқа қалып қойды.
Олимпиада алтынын 53 минут 13 секунд нәтижесімен португалиялық Артур Гашпар иеленді. Люксембург өкілі Эмиль Ванолст (53:23) күміс медальға қол жеткізді.
Осылайша, Қазақстан құрамасының Дакардағы жасөспірімдер Олимпиадасындағы жүлделер саны екіге жетті. Бұған дейін Фатима Супығалиева дзюдодан 52 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде топ жарып, ел қоржынына алғашқы алтын медальді салған еді.