Басты бет
·
Басқа спорт түрлері

Қазақстандық спортшылар конкурдан Еуразия лигасының финалында жүлдегер атанды

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Қазақстанның ат спорты федерациясы

Фото: Қазақстанның ат спорты федерациясы

Қазақстандық Олег Соколенко мен Аян Ғани 22 қарашада Астанада аяқталған конкурдан FEI Әлем кубогы Еуразия лигасының финалында күміс жүлдеге ие болды.

Жарыс елордадағы «Арғымақ» ат спорты кешенінде өтті.

Кедергілердің биіктігі 155 сантиметр болатын турнирдің басты сайысында Олег Соколенко Cinderella атты тұлпарымен өнер көрсетіп, екінші орын алды. Қазақстандық спортшы қашықтықты 76,19 секундта еңсеріп, төрт айып ұпайын жинады.

Бірінші орынды Өзбекстан өкілі Бекзод Курбанов иеленді. Ол Matts V.G. атты тұлпарымен қашықтықты 79,96 секундта өтіп, айып ұпайын алмаған жалғыз қатысушы атанды.

Үшінші орын тоғыз айып ұпайын жинаған ресейлік Ксения Хайрулинаға бұйырды. Ол Gentleman De Beaulieu атты тұлпарымен сынға түсті.

Қазақстан қоржынына екінші күміс медальді Аян Ғани салды. Кедергілердің биіктігі 135 сантиметр болатын сайыста ол Quattro VDB тұлпарымен өнер көрсетті.

Қазақстандық спортшы қосымша айналымды 43,33 секундта еш қатесіз аяқтады. Ол жеңімпаз, қырғызстандық Ринат Галимовтан небәрі 0,16 секундқа қалып қойды. Ал қола жүлдені өзбекстандық Бекзод Курбанов жеңіп алды.

Бұл сайысқа 16 спорттық жұп қатысып, олардың алтауы қосымша айналымға жолдама алды. Шешуші кезеңде тек Галимов пен Ғани ғана қашықтықты айып ұпайынсыз еңсерді.

Сонымен қатар Еуразия лигасының қорытындысы бойынша Олег Соколенко FEI Әлем кубогының финалына жолдама жеңіп алды. Ол Орталық Азия сублигасының үздік өкілі атанды.

Қазақстандық спортшымен бірге әлемдік финалда өнер көрсету құқығына Еуропа сублигасының өкілі, ресейлік Дарья Самохина және Кавказ-Каспий сублигасының өкілі, грузиялық Шалва Гачечиладзе ие болды.

Айта кетейік, конкурдан FEI Әлем кубогының финалы 2027 жылғы 23–28 наурыз аралығында Швецияның Гётеборг қаласында өтеді.

Қазақстандық спортшылар конкурдан Еуразия лигасының финалында жүлдегер атанды – sport-hub