Қазақстандық таеквондошылар Пәкістанда екі қола медаль жеңіп алды

Фото: qaztkd
Қазақстандық таеквондошылар Нұрай Бауржанова мен Рита Бакишева Пәкістанның Лахор қаласында өтіп жатқан WT President’s Cup халықаралық турнирінде қола жүлдеге ие болды.
Қазақстанның қос өкілі де 49 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде жеңіс тұғырына көтерілді.
Лахордағы President’s Cup турниріне G3 рейтингі берілген. Ересектер арасындағы керуги бәсекелері 18-20 тамыз аралығында өтеді. Жарыс бағдарламасына сондай-ақ пумсэ және паратаеквондо сайыстары енгізілген.
Бауржанова мен Бакишева үшін бұл осы маусымдағы алғашқы халықаралық жүлде емес. Маусым айында қос спортшы Астанада өткен Kazakhstan Open 2026 турниріне қатысты. 49 келіге дейінгі салмақтағы жартылай финалда Бауржанова Бакишеваны жеңіп, кейін күміс медаль иеленді. Ал Рита Бакишева турнирдің қола жүлдегері атанды.