Қазақстандық теннисші қыздар WTA рейтингінде позицияларын жақсартты

Фото: Jimmie48
Әйелдер теннисі қауымдастығы (WTA) жаңартылған әлемдік рейтингті жариялады.
Қазақстанның бірінші ракеткасы Елена Рыбакина WTA рейтингінде екінші орнын сақтап қалды (8056 ұпай). Уимблдон турнирінде қазақстандық үшінші айналымда бельгиялық Элизе Мертенс теннисшісіне есе жіберіп, жарысты аяқтаған болатын.
Рейтингтің көшбасшысы Беларусь өкілі Арина Соболенко (8550 ұпай), ал үшінші орында америкалық Джессика Пегула (6300 ұпай) тұр.
Қазақстанның екінші ракеткасы Юлия Путинцева екі сатыға жоғарылап, қазір 77-орында. Уимблдонда бірінші айналымда жеңіліп қалғанына қарамастан, ол Румынияның Яссы қаласында өткен WTA 250 турнирінде ширек финалға дейін жетті. Жартылай финалға шығу үшін өткен үш сағаттық кездесуде ол мысырлық Маяр Шериф теннисшісіне жол берді.
Басқа қазақстандық теннисшілерге келсек Жібек Құламбаева бес сатыға көтеріліп, 460-орынға жайғасты. Аружан Сағындыкова сегіз позицияға жоғарылап, 616-орынға шықты. Соня Жиенбаева үш сатыға көтеріліп, 733-орынды иеленді. Ал Асылжан Арыстанбекова өз көрсеткішін 12 орынға жақсартып, 929-орынға көтерілді.