Қазақстандық төреші жасөспірімдер Олимпиадасының футзал матчтарын басқарады

ҚФФ
Қазақстандық футзал төрешісі Түрехан Тұрсымбаев 2026 жылы Сенегалдың Дакар қаласында өтетін жасөспірімдер Олимпиадасының матчтарына төрелік етуге тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан футбол федерациясының баспасөз қызметі хабарлады.
Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) турнирге қатысатын төрешілер құрамын жариялады. Тізімге алты құрлықтық конфедерациядан 20 төреші және бір қосалқы төреші енген. Түрехан Тұрсымбаев УЕФА атынан қатысатын алты төрешінің қатарына қосылды.
Футзалдан ерлер мен әйелдер арасындағы жарыстар 1–12 қараша аралығында өтеді. Әр турнирге сегіз ұлттық құрама қатысады. Командалар барлығы 32 матч өткізеді. Ойындар Дакардағы Iba Mar Diop кешені мен Диамниадиодағы Dakar Arena аренасында ұйымдастырылады.
Түрехан Тұрсымбаев 2019 жылдан бері ФИФА санатындағы халықаралық төреші болып келеді. Ол Қазақстан чемпионаты мен Кубогының футзал матчтарын басқарған. Сонымен қатар 2025 жылдың қазан айында қазақстандық маман футзалдан Чемпиондар лигасының 2025/26 жылғы маусымындағы негізгі кезең ойындарына төрелік етуге УЕФА тарапынан тағайындалған.
Айта кетейік, футзал жасөспірімдер Олимпиадасының бағдарламасына екінші рет еніп отыр. Бұл спорт түрі алғаш рет 2018 жылы Аргентинаның Буэнос-Айрес қаласында өткен жарыста ұсынылды. Сол кезде ерлер арасында Бразилия, ал қыздар арасында Португалия құрамасы алтын медаль жеңіп алған еді.