Қазақстандық триатлоншы Қырғызстанда Азия кубогы кезеңінде жеңіске жетті

ҚР ҰОК
Қазақстандық триатлоншы Дарын Қонысбаев Қырғызстанның Чолпон-Ата қаласында өткен Азия кубогы кезеңінде алтын медаль жеңіп алды.
Жарыс 12 қыркүйекте спринттік қашықтықта өтті. Спортшылар 750 метрді жүзіп, 20 шақырымды велосипедпен жүріп, 5 шақырымды жүгіріп өтуі керек болды.
Қонысбаев жарысты 1 сағат 49 секунд нәтижесімен аяқтап, ең жақын қарсыласынан 12 секундқа озып кетті. Екінші орынды бейтарап мәртебеде өнер көрсеткен Григорий Антипов (1:01:01) иеленсе, оның отандасы Алексей Петровский (1:01:17) үшінші орын алды.
Велосипед кезеңінде 20-дан астам триатлоншы көшбасшылар тобын құрады. Жеңімпаз жарыстың соңғы – жүгіру кезеңінде анықталды. Осы тұста Қонысбаев Антиповтан басым түсті.
Қазақстанның басқа өкілдері үздік ондыққа кіре алмады. Рамазан Айнегов 20-орын, Елмұрат Қанай 25-орын, Нұрасыл Сапарбек 26-орын, Фёдор Кузнецов 30-орын, Арсений Шевченко 31-орын, Матвей Шевнин 35-орын, Алинаби Маралбеков 40-орын алды.
Әйелдер арасындағы жарыста қазақстандықтар арасында үздік нәтижені Алуа Нұрмұхаммет көрсетті – 14-орын. Калерия Шнейдер 18-орынға, Арина Шульгина 19-орынға, Рамина Ағабаева 20-орынға, Вероника Иванюк 22-орынға жайғасты.
Айта кетейік, бұл Қонысбаевтың World Triathlon аясындағы халықаралық жарыстардағы алтыншы жеңісі. 27 жастағы қазақстандықтың еншісінде барлығы 14 жүлделі орын бар. Биыл мамыр айында ол Филиппинде өткен Азия кубогы кезеңінде күміс медаль жеңіп алған.