Басты бет
·
АО-2026

Қазақстандық жағажай волейболшылары Азиада-2026 топтық кезеңін жеңіліссіз аяқтады

Бекарыс Әлімхан··
Фото: Сали Сабиров

Фото: Сали Сабиров

Мерей Қожахмет пен Лаура Қабылбекова Жапонияның Айти префектурасы мен Нагоя қаласында өтіп жатқан Азиада-2026 ойындарындағы жағажай волейболы турнирінде қатарынан екінші жеңісіне қол жеткізді.

Топтық кезеңдегі екінші кездесуде қазақстандықтар Филиппин өкілдері Бернадет Понс пен Черри Энн Рондинаға қарсы ойнады. Үш партияға созылған матчта Қожахмет пен Қабылбекова 2:1 есебімен жеңіске жетті.

Алғашқы партия Қазақстан құрамасының пайдасына шешіліп, есеп 21:17 болды. Екінші партияда филиппиндік дуэт 21:10 есебімен басым түсіп, таразы басын теңестірді. Ал шешуші сетте Қожахмет пен Қабылбекова 15:10 есебімен жеңіске жетті.

Осылайша қазақстандық жұп топтық кезеңді екі кездесуде екі жеңіспен аяқтады. Турнирдегі алғашқы матчта Қожахмет пен Қабылбекова Бангладеш өкілдері Лаки Хатун мен Сабина Хатунды 2:0 есебімен ұтқан болатын.

Еске салайық, Азиада-2026 Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтуде. Жарыс 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.