Басты бет
·
АО-2026

25 қыркүйектегі Азия ойындарының кестесі: қазақстандықтар қайда және қашан өнер көрсетеді

Аружан Талғат··
Фото: olympic.kz/ Никита Басов

Фото: olympic.kz/ Никита Басов

Қазақстан құрамасы 25 қыркүйекте Айти мен Нагояда өтіп жатқан 2026 жылғы жазғы Азия ойындарындағы алтыншы жарыс күнін өткізеді. Қазақстандық спортшылар бокс, жүзу, ескек есу, семсерлесу, оқ ату, ауыр және жеңіл атлетика, үстел теннисі, таулы велосипед және басқа да спорт түрлерінен жарысқа шығады. Барлық уақыт Астана уақытымен көрсетілген.

Алғаш болып жағажай волейболшылары мен Қазақстан әйелдер құрамасы көгалдағы хоккейден жарысқа кіріседі. 05:00-де Мерей Қожахмет пен Лаура Қабылбекова топтық кезеңдегі кездесуін өткізсе, хоккейшілер Бангладеш құрамасымен ойнайды.

05:30-да бадминтон мен командалық семсерлесуден жарыстар басталады. Наргиза Рахметуллаева мен Махсут Тәжібуллаев аралас жұптық сындағы 1/16 финалда ойнайды. Ал Қазақстанның ерлер арасындағы рапира құрамасы 1/8 финалда Катармен кездеседі. 05:45-те Валерий Рахимжан мен Валерия Попелова аралас командалар арасында 10 метрге пневматикалық тапаншадан ату бойынша іріктеу кезеңін бастайды.

06:00-ден кейін жарыстардың негізгі бөлігі басталады. Алина Чистякова жеті сайыстағы өнерін жалғастырады: алдымен ұзындыққа секіруден сынға түсіп, кейін 07:25-те найза лақтырады. Кешкі уақытта, 16:11-де, 800 метрге жүгірумен жарысын аяқтайды.

Осы уақытта жүзушілер де жарысқа шығады. Софья Сподаренко мен София Абубакирова 50 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден, Айбат Мырзамұратов 50 метрге брасс әдісімен жүзуден, Александр Румынский 200 метрге арқамен жүзуден, Федор Диденко 400 метрге еркін стильмен жүзуден, ал Максим Сказобцов 200 метрге баттерфляй әдісімен жүзуден сынға түседі. Іріктеу кезеңінен өткен спортшылар үшін жүзуден финалдық сессия 13:00-де басталады.

06:45-те қазақстандық мергендер Никита Шахторин, Ислам Сәтпаев және Константин Малиновский 50 метрге винтовкадан үш қалыпта ату бағдарламасында медаль үшін күресті бастайды.

07:00-де күннің маңызды жарыстарының бірі өтеді. Евгений Федоров пен Денис Сергиенко таулы велосипедтен ерлер арасындағы кросс-кантри финалына қатысады. Сол уақытта Кирилл Герасименко мен Алан Құрманғалиев үстел теннисінен жұптық сында жарысты бастайды.

Қазақстан байдарка мен каноэде ескек есуден де бірнеше медальға таласады. 07:20-да Бекарыс Раматулла мен Дмитрий Холмогоров 500 метрге байдарка-екіліктер арасындағы финалда өнер көрсетеді. 07:40-та әйелдер арасындағы төрттік — Ольга Шмелева, Татьяна Токарницкая, Стелла Суханова және Эвелина Костенко — жарысқа шығады. 08:00-де әйелдер арасындағы 500 метрге каноэ-екіліктер финалында Мария Бровкова мен Ульяна Киселева бақ сынайды.

08:50-де Қазақстан құрамасы Pokémon Unite турнирінің топтық кезеңінде Филиппинмен кездеседі. Ал 09:30-да Екатерина Алякина ауыр атлетикадан 57 келіге дейінгі салмақ дәрежесінің финалында медаль үшін күреседі.

10:00-ден кейін үстел теннисінен жарыстар жалғасады. Алан Құрманғалиев жекелей сында ойнаса, 10:45-те Кирилл Герасименко үстел басына шығады.

11:00-де Қазақстан әйелдер құрамасы гандболдан Жапониямен кездеседі. Ерлер құрамасы өз матчын 13:30-да Оңтүстік Кореяға қарсы өткізеді.

25 қыркүйекте бокс турниріне де ерекше назар аударылады.

13:00-де үш дүркін әлем чемпионы Назым Қызайбай 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде 1/8 финалдағы жекпе-жегін өткізеді. Оның қарсыласы — Қытай өкілі К. Жао.

14:00-де Оразбек Асылқұлов турнирдегі алғашқы жекпе-жегін өткізеді. 60 келіге дейінгі салмақта қазақстандық боксшы Оңтүстік Корея өкілі Д. Жангпен кездеседі.

14:40-та Милад Карими кермедегі жаттығудың финалында өнер көрсетеді. Бір күн бұрын Қазақстан спорттық гимнастикасының көшбасшысы еркін жаттығудан ел қоржынына күміс медаль салған болатын.

Күн бағдарламасын жеңіл атлеттер қорытындылайды. 16:32-де Максим Фроловский 10 000 метрге жүгіруден финалға шығады. 17:15-те Александра Залюбовская мен Мария Шувалова әйелдер арасындағы 400 метрге жүгірудің іріктеу кезеңіне қатысады. Ал 17:51-де осы қашықтықта ерлер арасында Андрей Соколов пен Элнор Мухитдинов жарысады.

Қазақстанның бес күннен кейінгі нәтижесі

Азия ойындарындағы алтыншы жарыс күні қарсаңында Қазақстан медальдар кестесінде төртінші орында тұр. Құрама қоржынында 25 медаль бар: сегіз алтын, сегіз күміс және тоғыз қола.

Тек 24 қыркүйекте қазақстандық спортшылар алты медаль жеңіп алды — бір алтын, төрт күміс және бір қола. Академиялық ескек есуден Владислав Яковлев пен Иван Чернухин Азия ойындарының чемпионы атанды. Күміс медальдерді Абдурашид Абдуллаев, Милад Карими, Кирилл Проходов, Ольга Шмелева және Татьяна Токарницкая иеленді. Ал Сергей және Тимофей Емельяновтар қола жүлдеге ие болды.

Еске салайық, 2026 жылғы Азия ойындары Жапонияның Айти префектурасы мен оның астанасы Нагояда өтіп жатыр. Жарыстар 19 қыркүйекте басталып, 4 қазанға дейін жалғасады.