Қазақстандық жасөспірімдер паделден FIP Promises турнирінде алғаш рет жеңіске жетті

Фото: ҚПФ баспасөз қызметі
Қазақстандық жасөспірімдер FIP Promises Tbilisi халықаралық турнирінде тарихи жетістікке қол жеткізді. Бұл — Қазақстан өкілдерінің International Padel Federation (FIP) аясындағы жарыстардағы алғашқы жеңісі.
ҚПФ баспасөз қызметінің хабарлауынша, FIP Promises — 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы халықаралық падел турнирлер сериясы. Бұл жарыс әлемнің үздік жас ойыншыларын біріктіреді. Тбилисидегі кезең қазақстандық падел үшін үлкен серпіліс болды.
Турнирдің басты қаһармандары Арнур Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин атанды. Олар бірден екі чемпиондық титул жеңіп алды.
16 жасқа дейінгі санатта қазақстандық жұп турнир кестесінен сенімді өтіп, финалда грузиялық дуэтті 7:5, 6:0 есебімен жеңді.
Ал 18 жасқа дейінгілер арасындағы сайыстар одан да әсерлі болды. Бұл сында бірден екі қазақстандық жұп жартылай финалға шықты: Арнұр Тұрсынхан / Ислам Дүйсенғазин және Санжар Жуасов / Тимур Ахметов.
Екі жұп та өз жартылай финалындағы матчтарын жеңіп, толықтай қазақстандық финалда кездесті. Шешуші ойында Арнұр Тұрсынхан мен Ислам Дүйсенғазин 6:0, 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Ал Санжар Жуасов пен Тимур Ахметов турнирді күміс жүлдемен аяқтады.
Осы жетістіктің арқасында Арнұр FIP-тің 18 жасқа дейінгі ойыншылар арасындағы Азия рейтингінде 16-орынға көтерілсе, Ислам 17-сатыға жайғасты.
«Бұл жеңіске өте қуаныштымыз. Турнир оңай болған жоқ, әсіресе плей-офф матчтары қиын өтті. Федерацияға, бапкерлерге, ата-анамызға және бүкіл командаға қолдау үшін рақмет. Біз үшін Қазақстан намысын халықаралық аренада лайықты қорғап шығу аса маңызды», — деді Арнұр Тұрсынхан.
«Турнирге жақсы дайындалдық және өз ойынымызды көрсете алдық. Бірден екі санатта жеңіске жету ерекше шаттық сыйлайды. Бұл — үлкен тәжірибе әрі одан да биік белестерді бағындыруға үлкен мотивация болды», — деп қосты Ислам Дүйсенғазин.