Қазақстандықтар жағажай волейболынан Азия чемпионатында жарысты бастады

ҚР ҰОК
Қазақстандық төрт жұп Қытайдың Шанло қаласында өтіп жатқан жағажай волейболынан Азия чемпионатының топтық кезеңінде екі-екіден матч өткізді.
D тобындағы ерлер арасындағы бәсекеде Сергей Богату мен Кирилл Гурин ирандық Абольхассан Хакизаде және Амир Али Галеновиден 0:2 есебімен жеңілді. Екінші кездесуде қазақстандықтар Оман өкілдері Мазин Аль-Хашми мен Худ Аль-Джалабубиді 2:0 есебімен ұтты.
Дмитрий Яковлев пен Абдулмажид Мохаммад E тобында екі рет жеңіліс тапты. Қазақстандық жұп жапониялық Такуми Такахаси мен Дзюмпэй Икедеге 0:2 есебімен есе жіберсе, кейін индонезиялық Бинтанг Акбар мен Софьян Рахманнан 0:2 есебімен жеңілді.
Әйелдер арасындағы C тобында Кристина Каримова мен Екатерина Рюхова турнирдегі алғашқы кездесуін филиппиндік Хайлем Прогелла мен София Пагараға қарсы өткізіп, 0:2 есебімен жеңіліп қалды. Кейін қазақстандықтар жапониялық Асами Шибе мен Рейка Муракамиден 0:2 есебімен ұтылды.
Лаура Кабулбекова мен Мерей Қожахмет F тобында өнер көрсетіп жатыр. Алғашқы матчта олар жапониялық Рэн Мацумото мен Нон Мацумото жұбынан 0:2 есебімен жеңілді. Екінші кездесуде қазақстандықтар қытайлық Цао Шутин мен Дун Цзеге 0:2 есебімен жол берді.
Айта кетейік, 3 қыркүйекте қазақстандық жұптар топтық кезеңдегі соңғы матчтарын өткізеді. Азия чемпионаты 2-6 қыркүйек аралығында өтуде.