ҚПЛ клубтары үшін жазғы трансферлік терезенің мерзімі өзгеруі мүмкін

Темирлан Мажекенов ··
ҚПЛ клубтары үшін жазғы трансферлік терезенің мерзімі өзгеруі мүмкін

Қазақстан футбол федерациясы ҚПЛ клубтары үшін жазғы трансферлік терезе мерзімін өзгертуі мүмкін

Қазіргі уақытта Қазақстан футбол федерациясындағы атқару комитеті жазғы трансферлік кезеңнің ашылу мерзімін ауыстыру мәселесін қарастырып жатыр. Егер өзгерістер бекітілсе, қазақстандық клубтар жаңа ойыншыларды 1-ші маусымнан бастап тіркей алады. Бұған дейін трансферлік терезе дәстүрлі түрде шілде айында ашылатын.

Мұндай шешімнің себебі ретінде қазақстандық клубтардың еурокубоктарға қатысуы негізге алынып отыр. Федерацияда трансферлік терезенің ертерек ашылуы клубтарға құрамды жедел күшейтуге, жаңа футболшыларды алдын ала командаға бейімдеуге және халықаралық матчтарға жақсырақ дайындалуға мүмкіндік береді деп есептейді.

Сонымен қатар бұл өзгеріс қазіргі таңда кадрлық қиындықтарға тап болған ҚПЛ клубтарына көмектесуі мүмкін екені айтылды. Қазір көптеген командаларда жекелеген позициялардағы ойыншы тапшылығы, жарақат алған футболшылардың көптігі және сапалы орындаушылар аздығы сезілуде.

«AmanVIBE» телеграм-арнасының мәліметінше, егер түзетулер қабылданса, жазғы трансферлік терезе 1-маусымда ашылып, ай соңына дейін жалғасады.