«Райо Вальекано» «Алавеспен» матчта жеңісті уысынан шығарып алды

«Райо Вальекано» ФК
«Райо Вальекано» Испания чемпионатының екінші турында «Алавеспен» тең ойнады. Кездесу 1:1 есебімен аяқталды.
Матч Леганес қаласындағы «Бутарке» стадионында өтті. «Райо» бұл аренада «Вальекас» стадионындағы жөндеу жұмыстарына байланысты уақытша үй матчтарын өткізіп жүр. Бірінші таймда командалар есеп аша алмады. Сонымен қатар алаң иелерінің бір голы VAR жүйесінің араласуынан кейін есепке алынбады.
Үзілістен кейін «Райо Вальекано» алға шықты. 48-минутта Хорхе де Фрутос берген пастан кейін Серхио Камельо алаң иелерінің шабуылын голмен аяқтады. Алайда «Алавес» матч соңында жеңілістен құтылды. 84-минутта алаңға қосалқы құрамнан шыққан Мариано Диас қарсылас қорғанысының қателігін пайдаланып, есепті теңестірді – 1:1.
Екі турдан кейін «Алавес» төрт ұпай жинады. Ал «Райо Вальекано» бұл тең ойын арқылы жаңа маусымдағы Ла Лигадағы алғашқы ұпайына қол жеткізді.