Рамос Нұрсұлтановпен жекпе-жек алдындағы дайындығы туралы айтты

Фото: Tapology
WBC ұйымының уақытша чемпионы Хесус Рамос кіші жеңіліп көрмеген қазақстандық Мейірім Нұрсұлтановпен жекпе-жек алдындағы дайындығы туралы айтты.
Жекпе-жек 19 қыркүйекте АҚШ-тың Сан-Диего қаласындағы Pechanga аренасында өтеді. Америкалық боксшы орта салмақтағы WBC уақытша чемпиондық атағын алғаш рет қорғайды.
«Рингке қайта оралу мүмкіндігіне қуаныштымын. Оның үстіне енді чемпион мәртебесінде шығамын. Бұл маған одан да зор сенім береді. Әкеммен бірге жаттығу залында жұмыс істеу барысында көп нәрсені жетілдірдік. Енді соның бәрін көрсетуді асыға күтіп жүрмін. Әлем чемпионы ретінде рингке шығатыныма қуаныштымын», — деді Рамос The Ring басылымына берген сұхбатында.
Айта кетейік, бұл жекпе-жек Premier Boxing Champions турнирінің басты оқиғасынан кейінгі екінші маңызды кездесу болады. Кештің басты жекпе-жегінде бірінші жартылай орта салмақтағы WBC уақытша чемпионы Исаак Крус Нестор Бравомен кездеседі.
Нұрсұлтанов 2023 жылдан бері WBC-дің орта салмақтағы рейтингінде бірінші орында тұр. Қазақстандық боксшы ұйымның жаңартылған рейтингінде де көш бастады. Алайда Нұрсұлтанов кәсіпқой рингтегі соңғы жекпе-жегін 2023 жылдың қарашасында өткізіп, чилилік Хулио Аламосты төрешілердің бірауызды шешімімен жеңген.
Ал Рамос 2025 жылдың желтоқсанында америкалық Шейн Мозли кішіді төрешілердің бірауызды шешімімен жеңіп, WBC-дің уақытша чемпиондық белбеуін иеленді.