«Реал» Винисиусты осы жазда сатуға дайын

Аружан Талгат··
Фото: Getty Images

Фото: Getty Images

Винисиус Жуниордың мадридтік «Реалдағы» болашағы тағы да белгісіз күйде қалып отыр.

Журналист Рамон Альварестің мәліметінше, «корольдік клубтың» басшылығы бразилиялық ойыншымен осы жазда-ақ қоштасуға дайын. Тіпті келісімді бұзу үшін клуб футболшыға 2027 жылы жаңа келісімшартқа қол қойғаны үшін алуы тиіс бонусты өтеп беруге де дайын екені айтылуда.

Дереккөздің хабарлауынша, келісімшартты ұзарту бойынша келіссөздер қиын жүріп жатыр, себебі тараптар жаңа келісімнің қаржылық шарттары бойынша ортақ шешімге келе алмай отыр.

Сонымен қатар, қазіргі таңда Винисиустың Сауд Арабиясына ауысуы екіталай деп бағалануда. Альварестің айтуынша, егер ол «Реалдан» кетсе, мансабын Еуропаның жетекші клубтарының бірінде жалғастырады. Оның үстіне, бірнеше топ-клуб ойыншының жағдайын білу үшін оның өкілдерімен байланысқа шыққан.

Ал инсайдер Фабрицио Романо бұған дейін Винисиустың болашағы әлі де ашық күйде екенін және келісімшарт бойынша соңғы шешім қабылданбағанын хабарлаған болатын.