«Рига» бапкері «Қайратқа» қарсы матч алдында пікір білдірді

«Рига» ФК
Латвиялық «Рига» клубының бас бапкері Адриан Гуля УЕФА Конференциялар лигасының жалпы кезеңіндегі алматылық «Қайратқа» қарсы ойын туралы пікір білдірді.
Словакиялық маман негізгі құрамның әлі анықталмағанын айтып, алайда әр футболшы матчқа дайын болуы керектігін атап өтті.
«Құрамның өзгеретін-өзгермейтінін әзірге білмеймін. Бірақ бұл басты мәселе емес. Барлық ойыншы дайын болуы керек, өйткені бұл «Рига» мен жанкүйерлер үшін өте маңызды матч. Еурокубоктегі алғашқы ұпайларымызды жинауға тырысамыз. Меніңше, біз өте мықты ойын көрсетеміз. Жанкүйерлер тағы да көптеп келіп, ойынымыздан және жеңісімізден үлкен ләззат алады деп сенемін», – деп Гуляның сөзін RSS.lv басылымы келтірді.
Латвия чемпионатының соңғы турында «Рига» 10 қазанда «Тукумс 2000» командасын 2:0 есебімен жеңді. 32 матчтан кейін 76 ұпай жинаған команда турнир кестесінде екінші орында келеді. Көшбасшы РФШ клубынан бір ұпайға қалып отыр.
Еске салайық, «Рига» мен «Қайрат» арасындағы кездесу 15 қазанда «Сконто» стадионында өтеді. Матч Қазақстан уақытымен 21:45-те басталады.
Конференциялар лигасының екінші турында 22 қазанда «Рига» Кипрдің «Пафос» клубымен кездессе, «Қайрат» өз алаңында Грекияның «Панатинаикос» командасын қабылдайды.