Басты бет
·
Футбол

«Рига» бапкері «Қайраттан» басым болғанын айтты

Бекарыс Әлімхан··
Фото: ФК «Рига»

Фото: ФК «Рига»

Латвиялық «Рига» клубының бас бапкері Адриан Гуля УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы турда алматылық «Қайратпен» өткен матчқа (1:1) пікір білдірді.

Матчтан кейін маман шәкірттерінің ойынына оң баға беріп, жеңіске жетуге мүмкіндіктері болғанын атап өтті.

«Өте жақсы матч болды, біз сапалы ойын көрсеттік. Әсіресе бірінші таймда қарсыласымыздан әлдеқайда басым болдық. Есепті 0:1-ден кем дегенде 2:1 немесе 3:1-ге жеткізіп, ойын барысын өзгертуге өте жақын қалдық. Бірақ «Қайрат» – тәжірибелі команда. Екінші таймда қарсылас позициялық шабуылдардағы схемасын немесе тәсілін сәл өзгертті», – деді Гуля баспасөз мәслихатында.

Сондай-ақ бапкер голдық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану керектігін айтып, алдағы матчтарда жеңіске жете алатындарына сенім білдірді.

«Бұл «Риганың» Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы ұпайы. Қазір біз алдағы матчтарда жеңіске жете алатынымызды сезініп, соған шынымен сеніп отырмыз. Алғашқы ойыннан сабақ алып, дәлірек әрекет етіп, қақпа алдында мүмкіндіктерді тиімді пайдалануды үйренуіміз керек», – деп қосты маман.

Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі екінші турда 22 қазанда «Рига» сырт алаңда кипрлік «Пафоспен» кездеседі. Ал «Қайрат» Алматыда грекиялық «Панатинаикосты» қабылдайды.

«Рига» бапкері «Қайраттан» басым болғанын айтты – sport-hub