Басты бет
·
Футбол

«Рига» капитаны «Қайратпен» тең ойынды ұпай жоғалту деп бағалады

Бекарыс Әлімхан··
Фото: ФК «Рига»

Фото: ФК «Рига»

Латвиялық «Рига» клубының капитаны Райвис Юрковскис УЕФА Конференция лигасының жалпы кезеңіндегі алғашқы турда алматылық «Қайратпен» өткен матчқа (1:1) қатысты пікір білдірді.

Sportacentrs.com сайтына берген сұхбатында қорғаушы командасы жеңіске жетіп, үш ұпай алуды көздегенін айтты.

«Менің ойымша, біз бір ұпай алған жоқпыз, керісінше, екі ұпай жоғалттық. Бұл матчта жеңіске жетуге мүмкіндігіміз әлдеқайда көп болды. Меніңше, екінші таймда бірінші таймға қарағанда жақсы ойнадық. Қарсылас алаңында көп уақыт өткізіп, гол соғатын сәттер жасадық. Ал олар қорғанысқа тереңірек отырып, тек бірнеше рет қарсы шабуылға шықты», – деді Юрковскис.

Футболшы «Риганың» тактикалық жоспары туралы айтып, «Қайраттың» ерекше назар аударуды қажет еткен ойыншыларын да атады.

«Біздің міндетіміз – шабуылдарды көбіне қанаттар арқылы ұйымдастыру болды. Өйткені қарсылас алаңның ортасын тығыз жауып ойнады. Егер олар допты сол аймақта тартып алса, бірден қарсы шабуылға шығатын еді.

Қорғаныста Эдмилсон мен Гуальға мұқият қарау керек болды. Олардың шабуылшылары өте мықты, сонымен қатар тәжірибелі 39 жастағы қорғаушысы бар. Испаниялық футболшының пас берулерінен сақтану қажет еді. Ол соққы жасайтындай қимылдап, кейін сызықтар арасындағы ойыншыларға күтпеген пас шығаратын. Ал шабуылшыға көп еркіндік беруге болмайды, өйткені ол кез келген жағдайдан қақпаға соққы жасай алады», – деп толықтырды «Рига» капитаны.

Конференция лигасының келесі туры 22 қазанда өтеді. «Рига» сырт алаңда кипрлік «Пафоспен» кездессе, «Қайрат» грекиялық «Панатинаикосты» қабылдайды.