Роналду ӘЧ аясында Испанияға қарсы матч алдында мәлімдеме жасады

Фото: Getty Images
Португалия құрамасының капитаны Криштиану Роналду 2026 жылғы әлем чемпионатының 1/8 финалында Испанияға қарсы матч алдында өз болашағы, сын және қазіргі турнир туралы ойымен бөлісті.
41 жастағы шабуылшы бұл мундиаль оның мансабындағы соңғы әлем чемпионаты болатынын растады.
«Бұл – менің соңғы әлем чемпионатым, сондықтан одан ләззат алу керек. Мен мансабымды қашан аяқтайтынымды өзім шешемін, сіздер қалаған кезде емес. Маған бұл сұрақты қайта-қайта қою – уақытты босқа өткізу. Ойнасам да, ойнамасам да, менің құрамадағы рөлім әрдайым маңызды болады. Қазір ең бастысы – Испаниямен өтетін матч», – деді Роналду.
Сондай-ақ португалиялық футболшы алдағы ойынның кез келген нәтижесін сабырмен қабылдайтынын айтты.
«Маған ештеңе қажет емес. Құдай маған өте жомарт болып, мен елестеткеннен де көп нәрсе берді. Әр сәттен ләззат алу керек. Әлем чемпионатын жеңсем, одан да ұлы Криштиану болмаймын, ал жеңбесем – кемімеймін. Жас ұлғайған сайын өмірде маңыздырақ дүниелер бар екенін түсіне бастайсың», – деді шабуылшы.
Баспасөз мәслихатында Роналду сыншыларға да жауап беріп, турнирдегі ең қиын нәрсенің бірі кейбір журналистермен қарым-қатынас екенін айтты.
«Маған ұнамайтын адамдармен сөйлесу жағымсыз. Мен жүздерді жақсы есте сақтаймын және ешқашан ұмытпаймын. 41 жаста ойнау – ерекше тәжірибе, өйткені бұл деңгей үшін көп нәрседен бас тартуға тура келеді. Бірақ мен әлі де гол соғып жүрмін және тағы да соғамын деп үміттенемін. Ал егер болмаса, серіктестерімнің бірі соқсын. Ең бастысы – келесі кезеңге өту», – деп атап өтті Португалия капитаны.
Роналду өзінің ойын деңгейіне күмән келтіретіндерге де жеке тоқталды.
«Мені 23 жылдан бері тоқтатуға тырысып келеді. Бірақ көпшілігі оның пайдасыз екенін түсінді. Сын – менің жұмысымның бір бөлігі, мен оған үйренгенмін. Португалиялықтар әрқашан менің жағымда болды, ал қалғанының маңызы жоқ», – деді футболшы.
Португалия мен Испания арасындағы матч 7 шілдеге қараған түні өтеді және Астана уақыты бойынша 00:00-де басталады. Жеңімпаз команда әлем чемпионатының ширек финалына жолдама алады.