Роналду хет-триктен кейінгі әсерімен бөлісті

Фото: Getty Images
«Әл-Наср» клубының капитаны Криштиану Роналду Сауд Арабиясы чемпионатының 12-туры аясында «Әл-Холудқа» қарсы өткен матчтан кейін өз ойын білдірді.
Португалиялық шабуылшы үш гол соғып, командасының 5:3 есебімен жеңіске жетуіне үлес қосты.
Кездесуден кейін 41 жастағы футболшы X әлеуметтік желісіндегі парақшасында командалық ойынға және өзінің нәтижелі өнеріне тоқталды.
«Тамаша жеңіс, керемет командалық ойын. Хет-трикім арқылы командаға көмектесе алғаныма қуаныштымын!» – деп жазды Роналду.
Португалиялық шабуылшы үш голын да екінші таймда соқты. Ол 66, 74 және 81-минуттарда мергендігімен көзге түсті.
Осы хет-триктен кейін Роналдудың кәсіби мансабындағы голдарының жалпы саны 985-ке жетті. Енді тарихи 1000 голдық межеге жету үшін оған тағы 15 доп соғу қажет.
Бұл жеңістен кейін «Әл-Наср» 28 ұпай жинап, Сауд Арабиясы чемпионатының турнирлік кестесінде екінші орында келеді.
Айта кетейік, Эр-Рияд клубы келесі кездесуін 2 қарашада Өзбекстанның «Пахтакор» командасына қарсы өткізеді.