Рубен Диаш әлем чемпионатындағы Португалия құрамасының басты мақсатын айтты

Фото: Jack Mumford
Португалия құрамасының қорғаушысы Рубен Диаш ұлттық команданың 2026 жылғы әлем чемпионатында Криштиану Роналдуға жеңімпаз атануға көмектескісі келетінін мәлімдеді.
«Манчестер Сити» футболшысы Роналдудың әлем футболындағы ең басты жүлдені жеңіп алу арманы бүкіл команда үшін қосымша мотивация екенін атап өтті.
«Бұл біз үшін қосымша мотивация. Барлығымыз Криштиану Роналдуға әлем чемпионатын жеңіп алуға көмектескіміз келеді. Әрине, мұны өзіміз үшін, отбасыларымыз үшін және бүкіл Португалия үшін де қалаймыз. Мен мұнда ерекше қысым көріп тұрған жоқпын», – деді Диаш.
41 жастағы Роналду үшін алдағы әлем чемпионаты мансабындағы соңғы мундиаль болуы мүмкін.
2026 жылғы әлем чемпионатының топтық кезеңінде Португалия құрамасы Өзбекстан, Колумбия және Конго Демократиялық Республикасы құрамаларымен кездеседі. Турнир 12 маусым мен 19 шілде аралығында АҚШ, Канада және Мексикада өтеді.